Ақшасы барлар беттеп, ақшасы жоқтар шеттеп жүр

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
14168

Білім және ғылым министрлігі жекеменшік мектептерде қалталы ата-аналардың ғана балалары оқығанын қаламайды. 

Ақшасы барлар беттеп, ақшасы жоқтар шеттеп жүр

2017 жылдың қыркүйек айында қолданыстағы "білім туралы" заңға өзгеріс енді. Нәтижесінде үкімет ауқатты отбасылардан шыққан балаларға білім беретін жекеменшік мектептерде мемлекеттік тапсырыспен талантты оқушыларды оқыту туралы бастама көтерді.  

Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылованың айтуынша, мемлекеттің қарамағындағы мектептерде оқып жатқан әрбір балаға жыл сайын бюджеттен 200 мың теңге  бөлінеді. Алдағы уақытта бұл ақша субсидия ретінде жекеменшік мектептерге берілуі мүмкін.  

"Қазір ата-аналардың басым бөлігі балаларын премиум санаттағы  мектептерде оқытқысы келеді. Алайда бұған барлығының қаржысы жете бермейді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін біз жекеменшік мектептерге субсидия қарастыруды көздеп отырмыз. Яғни үкімет ата-аналардың қалтасына түсетін салмақтың бір бөлігін өзі өтейді. Бұл әлемдік тәжірибеде бар нәрсе", – деді Бибігүл Асылова.

Вице-министрдің мәлімдеуінше, Астана мен Алматыдағы  ақылы  білім беретін 54 мектепте небары 150 мың бала оқиды. Егер министрліктің жоспары жүзеге асса, Астана мен Алматыдағы мектептердің жүгі жеңілдеп, жекеменшік пен мемлекет арасындағы әріптестікке серпін беріледі.

Алматыдағы жекеменшік мектептердің бірінде әдіскер-тәлімгер болып жұмыс істейтін Дилбара Әбусейітова  жекеменшік мектептер бала санының шектеулі болатындығымен ерекшеленетінін айтады.

"Әр сыныпта  8-10 бала оқытылады. Олардың білім алуына ата-аналары ай сайын қыруар қаржы жұмсайды. Есесіне балалар салалық пәндерді жоғары дәрежеде меңгеріп шығады", – деді Дилбара  Әбусейітова.

Қаржы және аудит саласының маманы  Артур Ковалев  білім және ғылым министрлігі ұсынған бастаманың нақтылайтын тұстары  көп екенін алға тартты.  

"Вице-министр мемлекеттік мектептерде бір балаға 200 мың теңге бөлінетінін тілге тиек етіп, осы ақшаны жекеменшік мектептерге бағыттауды ұсынды. Көрсетілген сома жекеменшік мектепте білім алатын бір оқушының бір жылдық оқу ақысының 15-20%-ы ғана болуы мүмкін", – деді ол.

Артур Ковалевтың сөзінше, 2021 жылдан бастап еліміздің толық жасақталған мектептері жан басына қаржыландыру  жүйесіне көшеді. Министрліктің жеке секторға бет бұруын алда атқарылатын жұмысқа дайындық деуге болады.

"Орта білім беруді жан басына қаржыландыру жобасына сәйкес, мектептің  әр оқушысына бюджеттен қаржы бөлінеді.  Жаңа жүйе бойынша  2018 жылы әр оқушыға қанша қаржы қарастырылатыны әлі нақтыланған жоқ. Айта кетейік, бұл бастама  2013 жылдан бері еліміздің 70 мектебінде сынақ ретінде жүзеге асырылып келеді", – деді  Артур Ковалев.

Алматы менеджмент университетінің президенті Асылбек Қожахметов жекеменшікпен мемлекеттік меншіктегі мектептердің арасындағы айырмашылық тек бізде емес, бүкіл әлемде бар екенін айтты.  

"Жекеменшік мектеп ашуды ойлаған адам алдымен пайданы емес, өзге жекеменшік мектептерден қандай артықшылығым болады деген сұрақтың жауабын ойлауы керек. Себебі жекеменшік мектептер барлық елдерде қолданыстағы білім жүйесінің кемшілігін толықтырып тұратын үлкен күш. Қазақстанда жекеменшік мектептер көп болуы тиіс. Сонда бәсеке пайда болады, ал бәсеке болған жерде баға төмендейді және жекеменшік мектептің мемлекетпен әріптестігі артады. Осылай болғанда  мектеп оқушыларының  үштен бір бөлігі жекеменшік мектептерде оқуға қол жеткізеді", – деді Асылбек Қожахметов. 

Ұзақ жылдар бойы Алматыдағы жекеменшік мектептердің бірінде  психология  пәнінен дәріс берген Мәдина Қадышева бұл тәжірибе біздің ел үшін жаңалық емес деп отыр.

"Қоғам мүшелері тұрмысына қарай жіктеле­ бастады. Қазір бұл тізімге білім беру мекемелері де қосылды. Керек десеңіз, орта білім беру де бизнес көзіне айналды. Мұндай ортада қарапайым отбасының балаларына орын жоқ", – деді Мәдина Қадышева.

Мұғалімнің мәлімдеуінше, жекеменшік мектептерде сабақ беру тәсілі мүлдем басқа.  Бұл жерде сабақ арасында  бассейнге баруға немесе спорт стилиндегі биге қатысып, миды тынықтырып алуға да мүмкіндік беріледі.

"Кейбір ақылы  мектептердің ақшаны оңды-солды шашуымен аты шығып жатады. Мұнда ай сайынғы төлемақыдан бөлек, мектепке  қабылданған кезде  кепілдік жарнасы және әрбір тест сынағы үшін 40-45 мың теңге талап етіледі", – деді  Мәдина Қадышева.

Академик Асқар Жұмаділдаев "білім туралы" заңға енгізілген өзгеріс орта мектептердегі білім сапасының өсуіне жол ашатынын айтты. Оның сөзінше, бүгінгі таңда "оқитын бала бап таңдамайды, кез келген жерді тесіп шығады" деген түсінік ескірген. Қазіргі білім жүйесі әлемдік құндылықтармен интеграцияланып кеткен.  

"Жекеменшік мектептерде мемлекеттік мектептерде жоқ мүмкіндік бар.  Мемлекеттік мектептер мамандарын  білім жүйесі озық тұрған елдерге  тәжірибесін жетілдіруге жібере алмайды.  Облыс орталығынан шалғай орналасқан мектеп мұғалімдері үшін облыс орталығы немесе Алматы мен Астанада білім жетілдірудің өзі үлкен күш. Сондықтан  мемлекеттің жеке сектордың мүмкіндігі арқылы мемлекеттік мектептердің жүгін жеңілдету туралы ұсынысын қолдаймын", – деді Асқар Жұмаділдаев.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу